Hyundai Trans Kazakhstan жеңіл автомобильдерін шығаратын қазақстандық зауыт пен Беларусьтегі Hyundai дистрибьюторы — «Хёндэ АвтоГрад» арасындағы екі жақты келіссөздер нәтижесінде 2020 жылдың желтоқсан айында келісімге қол жеткізілді.

«Астана Моторс» компаниясының құрамына кіретін Hyundai Trans Kazakhstan зауыты бірінші кезеңде 500-ге жуық Santa Fe және Sonata автомобильдерін жеткізуді жоспарлап отыр.

«Алғашқы автомобиль жеткізілімдері 2021 жылдың бірінші жартысына жоспарланған және бұл 2021 жылғы жақсы бастама болады деп үміттенеміз. Өткен жыл қиын болды, нарық құлдырады, бірақ бұл біздің беларусьтік нарықтың жалпы үлесінде тағы 1%-ға өсуімізге кедергі болмады» — деп атап өтті «Хёндэ АвтоГрад» директоры Владимир Матусевич.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы 15 қазанда Алматыда шанақтарды дәнекерлеу және бояу, автомобильдерді құрастыру, пластик бөлшектерді бояу цехтары және ұсақ түйінді құрастыру әдісімен автомобильдер шығаруға арналған компоненттер қоймасы бар отандық Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнының ресми ашылуы болды. Іс-шара қарсаңында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Hyundai Trans Kazakhstan компаниясында болып, зауыт ресурстарын жоғары бағалады.

Hyundai Motor Company президенті Ли Вон Хи мырза зауытты іске қосу рәсімінің қатысушылары алдында сөйлеген сөзінде Hyundai Trans Kazakhstan қазақстандық нарыққа ең жоғарғы сапа мен Hyundai технологияларын әкелетінін баса айтты. «Біз бұл зауыттың тек қазақстандық нарық үшін емес, сонымен қатар басқа ТМД елдері үшін өндірістік базаға айналатынына сенімдіміз», — деді Hyundai Motor Company басшысы.

Алматыда жеңіл автомобильдер өндіретін Hyundai Trans Kazakhstan зауыты іске қосылды.

Қазақстанда шығарылған Hyundai автомобильдері Өзбекстанға жеткізіліп жатыр. Жаңа нарыққа шығу арқылы компания Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жоғары экспорттық әлеуетін растады.

«Беларусьтегі Hyundai дистрибьюторымен жасалған келісім — Қазақстанда шығарылған автомобильдерді шетелге экспорттау мақсаттарына қол жеткізудегі „Астана Моторс“ компаниясы үшін маңызды қадам. Осылайша, біздің Hyundai Trans Kazakhstan еншілес кәсіпорнымыз ТМД елдерінде Hyundai брендін дамытуға арналған өндірістік алаң ретінде өз позициясын Алматы индустриалды аймағында нығайтуда», — деп баса айтты «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Ол қазіргі уақытта «Астана Моторс» компаниясы беларусьтік серіктесімен Hyundai Trans Kazakhstan және «Хёндэ АвтоГрад» арасындағы экспорттық келісім аясында модельдік қатарды кеңейту туралы келіссөздер жүргізіп жатқанын қоса айтты.

Қазақстандағы Hyundai ресми дистрибьюторы