АЛМАТЫДА ЖЕҢІЛ АВТОМОБИЛЬДЕР ӨНДІРЕТІН HYUNDAI TRANS KAZAKHSTAN ЗАУЫТЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ.

Алматы қаласындағы жеңіл автомобильдер өндіретін отандық Hyundai Trans Kazakhstan зауытының ресми ашылу салтанатына Қазақстан Республикасының премьер-министрі Асқар Мамин; Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов; Корея Республикасының сауда, индустрия және энергетика министрі Сон Юн Мо; Hyundai Motor Company президенті Ли Вон Хи; Hyundai Motor Russia және ТМД президенті Сон Кенг Су; «Қазақстанның Даму Банкі" АҚ басқарма төрағасы Абай Сарқұлов; «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров; Astana Group президенті Нұрлан Смағұлов қатысты.

Hyundai Trans Kazakhstan — «Астана Моторс» компаниясының еншілес кәсіпорны. Инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд теңгеден астам қаражатты құрайды, оның 30%-ы — «Астана Моторс» компаниясының меншікті қаражаты, 70%-ы — «Қазақстанның Даму Банкі" АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ тартылған кредиттік қаражат. Жоба Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен іске асырылды.

«2020 жылдың 9 айында автомобиль жасау саласындағы өндіріс көлемі 50%-дан астамға ұлғайды. Бұл сала жоғары білікті жұмыс орындарын ашуға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді", — деді Асқар Мамин.

Премьер-Министр Алматы қаласында Hyundai автомобиль өндірісінің ашылуы автомобиль өнеркәсібінің әлемдегі аса ірі көшбасшыларының бірі «Hyundai Motor Company» компаниясымен өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтудің, сондай-ақ Қазақстанның Корея Республикасымен жемісті ынтымақтастығын тереңдетудің көрнекті үлгісі бола алатынын атап өтті.

Кәсіпорын аумағы — Алматы қаласының Өнеркәсіптік аймағындағы 25 гектарда орналасқан 34 мың ш. метр. Hyundai Trans Kazakhstan зауыты әлемдік автомобиль жасау өнеркәсібінің заманауи технологияларын қолданып салынған және экологиялық стандарттар талаптарына сәйкес келеді, сондай-ақ Оңтүстік Кореяда өндірілген ең жаңа жабдықтармен жабдықталған. Кәсіпорындағы жабдықтарды монтаждау жұмыстарын Hyundai Motor Company және Youngsan (Корея) мамандары жүргізді.

«Құрылыс жұмыстарының ойдағыдай аяқталуы — Қазақстан үкіметі, Hyundai Motor Company және «Астана Моторс» компаниялары арасындағы ынтымақтастықтың ортақ нәтижесі". Hyundai Trans Kazakhstan — Қазақстанда жоғары сапа стандарттарымен және персоналының кәсіби біліктілігімен ерекшеленетін ең үздік зауыт. Біздің ойымызша, жаңа зауыт Қазақстан нарығына Hyundai компаниясының ең үздік сапасы мен технологияларын енгізіп, Қазақстанның автокөлік өндірісіне үлесін қосады. Бұл зауыт тек қазақстандық нарық үшін ғана емес, басқа ТМД елдері үшін де өндірістік базаға айналатынына сенеміз», — деді Hyundai Motor Company президенті Ли Вон Хи.

Кәсіпорынның бірінші кезеңдегі өндірістік қуаты жылына 30 мың бірлікті, екінші кезеңдегі өндірістік қуаты жылына 45 мыңға дейінгі бірлікті құрайды.

«Астана Моторс» компаниясы өндірілетін автомобильдердің жалпы санының 50%-ын Қазақстан нарығында сатады және қалған 50%-ын ТМД елдеріне жеткізеді. Қазіргі таңда компания Hyundai автомобильдерін Өзбекстанға экспорттап жатыр.

«Hyundai Trans Kazakhstan — жаңа форматтағы заманауи зауыт. «Астана Моторс» компаниясы қазақстандық автомобиль нарығында 28 жыл бойы жұмыс істеп келе жатыр және жеңіл автомобильдерді өзінің өндіруі компания үшін негізгі даму кезеңі болып табылады. Біз кәсіби кадрларды қалыптастыру үшін бірегей жағдайлар жасадық, жаңа кәсіпорында Hyundai сапасының жоғары стандарттарын 700 қазақстандық білікті маман қамтамасыз етеді, ал мультипликативті әсерді есепке алғанда, бұл — түрлі қызмет салаларындағы 1000-нан астам жұмыскер», — деп атап өтті Astana Group компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов.

Болашақта «Астана Моторс» компаниясы автокомпоненттер өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Осылайша компания отандық автоөнеркәсіпті дамыту бойынша алдына қойған мақсаттарына, яғни 51% -дан астам шоғырландыруды қамтамасыз етуге және ТМД елдеріне экспортқа шығаруға қол жеткізеді.

Алматы қаласының Өнеркәсіптік аймағында Hyundai Trans Kazakhstan зауытының құрылысы 2019 жылдың 21 сәуірінде басталғанын естеріңізге сала кетейік. 2020 жылдың сәуір айында ірі түйінді құрастыру әдісімен құрастырылған алғашқы автомобиль кәсіпорын желісінен шықты. Бүгін, 2020 жылдың 15 қазанында ұсақ түйінді құрастыру әдісімен автомобильдер өндіруге арналған шанақтарды дәнекерлеу және бояу, автомобильдерді құрастыру, пластик бөлшектерді бояу цехтарының және компоненттер қоймасының ресми іске қосылуы өтті. Жаңа зауытта ұсақ түйінді құрастыру әдісімен құрастырылған автомобильдер нарықта 2021 жылдың басында ұсынылатын болады.