АЛМАТЫДА РАҚЫМЖАН ҚОШҚАРБАЕВҚА МЕМОРИАЛДЫ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Ұлы Жеңістің 76 жылдығы күні (2021 жыл 9 мамыр) Almaty қонақ үйінің кіреберісінде Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған мемориалды тақта ашылды.

Рақымжан Қошқарбаев — офицер, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Халық қаһарманы. 1945 жылы 30-сәуірде жауынгер Григорий Булатов екеуі Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын тікті.

Соғыстан кейін Рақымжан Қошқарбаев әртүрлі қызметтер атқарады. Ол «Алматы» қонақ үйінің алғашқы директоры ретінде тағайындалып, 20 жыл бойы, яғни 1988 жылы қайтыс болғанға дейін істейді. Сол жылдардағы қонақ үй қызметкерлері Қошқарбаевты адамгершілігі мол, әділ, шыншыл және өзінің қарамағындағылардың әрқайсысын жақсы білетін еді деп еске алады.

Мемориалды тақтаның ашылу салтанатына Рақымжан Қошқарбаевтың қызы — Әлия Қошқарбаева, отбасылық достары және SOS балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты. Балалар мемориалды тақтаға гүл шоқтарын қойып, Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігімен жақынырақ танысып, көптеген мағлұматтар алды.


Ақпараттық анықтама:

Рақымжан Қошқарбаев — офицер, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, «Халық қаһарманы» атағының иегері. «Алма-Ата» қонақ үйінің бірінші директоры. 1945 жылы 30 сәуірде Берлин уақытымен 14 сағат 25 минутта, Берлин құлағанға дейін екі күн бұрын, Рейхстагтың үстіне қызыл туды бірінші болып Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов тігеді. Алайда ресми тарих батырлардың есімдерін жеңістен кейін 60 жыл өткен соң ғана біледі. Қазақстандық тарихшы Болат Асанов Ресейдің Әскери тарих институтына жүгініп, құжаттарды жолдаған соң Жеңіс туын алғаш көтерушілер — Қошқарбаев пен Булатов екені расталды. Елбасының 1999 жыл 7 мамырдағы жарлығымен оған «Халық қаһарманы» атағы берілді.

1968 жылы Рақымжан Қошқарбаев жаңадан салынған «Алма-Ата» қонақ үйінің алғашқы директоры болады және оны 20 жылдан астам уақыт басқарады. Оның басшылығымен қонақ үй қаланың нышанына айналды.